Жамбыл облысы аудандарында өткен Құрбан айт мерекесі.

Жамбыл облысы аудандарында өткен Құрбан айт мерекесі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Тұрар Рұсқұлов ауданы

Бұл күні үлкен де, кіші де ерте тұрып Алланың жердегі үйі, қасиетті мекен — мешітке бағыт алып, Айт намазына асығады. Аталған мейрамға әр отбасы, әр аймақ өзінше дайындық жасайды. Т.Рысқұлов ауданының  жұртшылығы да ұлық Құрбан айтты атап өтті.

Аудандық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп Жақыпбекұлы айт намазынан бұрын уағыз айтып, Құрбан айттың қадір-қасиеті жайында, құрбан шалған мұсылманның алар сауабы турасында бірқатар өнегелі өсиеттермен бөлісті. Уағыздан кейін игі шараға қатысқан аудан әкімі Жарлықасын Айтақов жиналған мұсылман бауырларды аталмыш мерекемен құттықтап, «Құрбан айт күні шалынған құрбан қабыл болсын», - деген тілегін жеткізді.

Мешітте айт намазы оқылып, мешіт ауласында құрбандық шалынды. Шалынған құрбандық еттері пакеттерге салынып, тізім бойынша кембағал, мұқтаж жандарға таратылды.

Мереке соңы аудандық «Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен жас жеткіншектер арасындағы қазақтың ұлттық ойыны күреске ұласты.

Әбілда МЕЙІРХАНОВ

Шу ауданы

Жылдағыдай Шу аудандық «Төле би» мешіті құрбан айтқа дайындалып, айт намазын оқып, мейрамды өз деңгейінде өткізді.

Атап айтсақ, аудандық Шу өңірі газетінде Казақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлының құттықтауы мен құрбан айт және құрбан шалу тәртібі жайлы мақалалар шығарылып, мешіт ауласында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Аудан орталығында «Құрбан айт мейрамы құтты болсын!» атты банерлер ілініп, мешіт ауласы құрбан айт туралы Пағамбарымыздың (с.а.у.) хадистерімен безендірілді.

Таңнын атысымен дәстүр бойынша айт намазының алдында ауданның бас имамы Аят Дыбысұлы жиналған жамағатты қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтап, уағыз-насихат айтып соңында айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар мешітке жиналған жамағатты аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы айт мерекесімен құттықтап сөз сөйледі.

Жамағат айт намазын оқып бітісімен мешіт ауласында құрбандық малы сойылатын алаңға барып, ауданның әкімі Рүстем Рысбайұлы бастаған құрбандық шалу рәсіміне қатысты. Сойылған мал еті Төле би ауылында тұратын мұқтаж жандарға тізімге сәйкес таратылды. Барлығы: 1 ірі қара, 6 бас қой сойылып 77 отбасына таратылды.

Сонымен қатар ауданның бас имамы Аят Дыбысұлының ұйымдастыруымен «Құралай» мейрамханасында ауыл тұрғындарына дастархан жайылып ас таратылды.

Алла тағала құрбандығымызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етіп, айттан айтқа аман-есен жетуімізді нәсіп етсін, амин.

Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі

Жамбыл ауданы

Құрбан айт мейрамының барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар айт күндері Ұлы Жаратушы иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетеді. Барлық мұсылман Алладан ізгі тілектер тілеп, бақилық болған ата-бабаларының, жақындарының рухына құран бағыштайды. Әрбір отбасы берекесі мол дастархан жайып «Құрбан айт мүбәрак болсын!» деп бір-бірінің үйіне айттайды. Өкпелі жандар кешірімге келіп, өзара татуласып, өткен-кеткен реніштерін ұмытады. «Құрбан айт құтты болсын!» дей отырып, осы мейірім мейрамының қарсаңында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы барша қазақстандықтарға «Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарға береке тілеймін» деген тілек арнап, барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін кембағал жандарға, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырған болатын.

Мейірім мерекесінде таңмен таласа тұрған аудан тұрғындары аудан орталығында жаңадан бой көтерген аудандық «Бәйдібек» мешітіне ағылып келіп жатты. Айт намазын Алланың үйінде оқуға асыққан жергілікті жұртшылықтың қарасы көп болды. Мешітке ниет етіп келген жамағатқа ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы тағылымы мол уағыз айтты. Айтулы мейрамның қадір-қасиеті жайлы әңгімелеп беріп, оның мән-маңызына кеңінен тоқталып өтті. Айт намазы басталар тұста аудан әкімі Мәден Мұсаев көпшіліктің алдына шығып, мешітке жиналған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтады, Ислам діні әрдайым адамзат баласын бейбітшілікке үндейтінін тілге тиек етті. Ізгі тілектен кейін мешіттегі жамағат айт намазын оқып, оқылған құран мен айтылған дұға-тілектерге қол жайды. Айт намазы оқылып біткен соң мешітте құрбан шалынып, сауапты амалдар жасалды. Құрбандық еттері қамқорлыққа мұқтаж отбасыларға таратылып берілді.

Айта кететін жайт, ол күні мешіт айналасында аудандық ішкі істер бөлімі (бастығы Талғатбек Татенов) жол полициясының қызметкерлері жол қозғалысын реттеп, кептелісті болдырмау үшін таңсәріден кезекшілікте тұрды.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ.

Байзақ ауданы

Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде құрбан айтта 1 ірі қара, 10 қой сойылды. Бізге Пайғамбарымыздан (с.а.с) құрбан айт жайында көптеген хадистер жетті. Солардың бірі «Құрбан айт күнін мереке тұтуға бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды».

Құрбан айт күні айт намазы оқылып болғаннан кейін құрбандықтар шалынды. Құрбан малының еттерін жағдайы төмен отбасыларымен жетім-жесірлерге таратылды. Мұқтаждарға құрбан малының етін «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов таратып берді.

«Байзақ баба» мешіті

 

Меркі ауданы

Құрбан айт күні, айт намазы алдында аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков айт намазына жиналған халықты құрбан айт мейрамымен құттықтап, жамағатпен бірге айт намазын оқып, бірінші болып құрбан малын шалды.

1)    Орталық «Меркі ата» мешітінде Құрбан айт күндері 12 бас қой сойылып, 30 отбасына таратылды.

2)    «Қарабала төре» мешітінде 10 қой құрбан шалынып, 20 отбасына таратылды.

3)    «Жүніс молда» мешітінде 4 қой шалынып, 10 отбасына таратылды.

4)    «Жақсымбет ата» мешітінде 2 қой құрбан шалынып, 6 отбасына таратылды.

Орталық «Меркі ата» мешітінде мүмкіндігі шектеулі мүгедек жасөспірім балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті.

Ұлттық спорт ойынына ауданның спорт мектебінің түлектері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Арқан тартыс, гир көтеру, асық ойнау, білек сынау ұлттық ойындар өтті.

Спорт ойынына қатысқан спортшыларға 3 орын қарастырылып, сыйлықтар берілді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарымен спорттық ойындарды тамашалап, мүгедек 70 жасөспірімдерге сыйлықтар табысталды.

Ұлттық спорт ойындары аяқталғаннан кейін, мешіт асханасында Құрбан етінен дайырланған мерекелік дастархан басына іс-шараға қатысушыларға сый-құрмет көрсетіліп ас берілді.

Алғыстарында шек жоқ, ата-аналар мешіт қызметкерлеріне алғыстарын айтып тарқасты.

Аудандық «Меркі ата» мешіті 

     Жуалы ауданы

Мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Құрбан айттың алғашқы күні ауданның барлық мешіттерінде айт намазы өтелді. Ауданның бас имамы Алмас қажы Рысбекұлы мешітке жиналғандарға құрбан шалу үкімі, тәртібі және шарттары туралы уағыз-құтпа оқыды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ә.Уркумбаев жиылған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Әбдікерім Құлтайұлы ел Тәуелсіздігінің биылғы 25 жылдық белесінде қол жеткен табыстарымызда ауызбіршілік, ынтымақ, қайырымдылық, мейірімділік секілді қағидалардың үлесі басым болғанын атап өтті.

Айт намазы өтеліп болған соң, мешіт ауласында мұсылман жамағаты атынан бір сиыр мен жеті қой құрбандыққа шалынып, еті мұқтаж 70 отбасыға таратылды.

А.Сарсен

Шу қаласы

Қасиетті құрбан айт мерекесі Шу қаласында да өз деңгейінде аталып өтті. Таңсәресінде мешітке жиналған жамағатқа мешіт имамы Шаттық Қамаубаев "Құрбан айт" туралы әсерлі уағыз айтты. 

Жамағатпен айт намазы оқылып, мерекелік іс-шарадан соң құрбан малдары сойылды. Алла атымен құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаж, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтлған отбасыларға таратылды. 

"Айтқұл баба" мешіті

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: