Құрбан айт мүбәрак болсын!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрметті бауырлар!

Баршаны күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен  құттықтаймын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Халқымыз сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында ұлт пен ұлысты біріктірген асыл дініміздің мерекесін атап өтіп келеді. Аталған мейрам адамдарға Алланың мейіріміне ғана бөленіп қоймай, өз қоғамына пайдасын тигізуге үлкен жол ашпақ. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар», 3-аят) - деп, әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді.

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Өкпелі жандар кешірімге келіп, татуласып, өткен-кеткен реніштерін ұмытады.

Ғаламның барлық мұсылмандарын қуантқан мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатты мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, биыл Құрбан айт мерекесі қыркүйек айының 12-сі күні басталамақ.  Ал айт намазы Тараз қаласы бойынша сағат 7.30-да оқылады.

Табалдырығымызды аттағалы отырған Құрбан айт мерекесімен барша мұсылман қауымын шын жүректен құттықтаймын! Жаратқан Ием құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағалам дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл етсін!  Қасиетті мекенде қажылық парыздарын өтеп жүрген бауырларымызға дін аман елге оралуды жазсын.  Елімізге амандық, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін.

 Данияр ЖҰМАБАЕВ,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: