Жаңа оқу жылының қарсаңында Тараз қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қуанышқа кенелді. Жылдағы дәстүр бойынша тұрмыс жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы немесе асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдем болған «Мектепке жол» науқаны ұйымдастырылып, биылғы жылы да мектепті сағына күткен балаларға керекті құрал-жабдықтар тарту етілді.
«Һибатулла Тарази» мешіті 20 баланы мектепке әзірлеп, оқушыларға қалам-дәптерден бастап, барлық қажетті құралдары бар сөмкені сыйға тартты.
Аталған көмек «Сәлем» балалар ойын-сауық орталығында үлестіріліп, артынша балдырғандар қалағанынша әткеншектерге мініп, бейне ойындар ойнады.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, орталық мешіттің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев білім алу жайлы тілге тиек етіп, бүлдіршіндерді оқуда озат болуға шақырды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.