Қазақ даласы тағы бір құлшылық орнымен толықты

Қазақ даласы тағы бір құлшылық орнымен толықты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бірлігі берекеге, тірлігі мерекеге ұласқан қазақ елінің әр күні шаттыққа, қуанышқа толы деп осыдан екі күн бұрын Қаламаңындағы ауылда 280 балаға арналған балалар бақшасы ашылғанын қуана хабарлағанбыз. Енді, міне, иісі мұсылман азамзаты үшін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, Астана күніне тарту ретінде Аса ауылының орталығынан «Бәйдібек» мешітінің жаңа ғимараты жиналған жамағатқа есігін айқара ашты.

Ел игілігіне берілген бұл мешіттің ашылу салтанатына куә болған әр жамағаттың көңілінде,

– Тербелсін тыныштықта бесіктерің,

Азанның үні болсын есіткенің.

Есігін мұсылманға айқара ашқан

Жамағат! Құтты болсын мешіттерің! – деген жыр жолдары шашудайын шашылып, нұр болып құйылып жатты.

Жүректеріне жыр, көңілдеріне нұр жинаған жұртшылық алдымен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабековтың ақ тілегіне құлақ тосты. Сонсоң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы Данияр қажы Әлмұхаммедұлының салиқалы сөзін естіп, қасиетті Құран кітапты аудандық мешіттің бас имамы Ғайырфулла Әмірбекұлына тарту етті.

Жылы сөзін ауданның Құрметті азаматтары Мақұлбек Байгелдиев, Тұрсынхан Нурбаев та арнаған.

Ораза айының айт мерекесіне тұспа-тұс келген салтанатты іс-шарада осы сәулетті де, сымбатты мешіт ғимаратының салынуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі «Ассанабил» қайырымдылық қорының төрағасы Саид Баюмиге құттықтау сөзін арнап, жамағаттың қуанышымен бөлісті.

Кезек, халық көптен күткен кермені қию сәтіне келгенде жамағаттың қуанышында шек болмады. Әжелер шашу шашты.

Салтанат Мәдениет және спорт кешенінде жалғасып, дүйім жұртты Астана күнімен, айт меркесімен, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаған аудан әкімі Мәден Мұсаев:

– Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқаны бәрімізді қуантады. Осы қуаныштың айғағы ретінде ауданымызда жаңа мешіт ашылды, құтты болсын! – деді.

Осы сәтте бойларын шаттық билеген жұртшылығы алдында аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы жаңа мешіт ғимаратының бой көтеруіне демеушілік көрсеткен «Қазупактрейд» компаниясының басшысы Нұрлан Алжанқұловқа «КнауфГипсТараз» ұжымының басшысы Мырзабай Бекназаровқа, «АлтайсГруп» компаниясының басышсы Әлімбек Жұмабаевқа, «Амангелді Газ өндіру зауыты» ұжымының басышсы Оралбай Исақаевқа, кәсіпкер Қанат Тілебаевқа және басқаларға Алғыс хат табыстаса, Түркиялық азмат, «Ассанабил» қайырымдылық қорының төрағасы Саид Баюмидің иығына зерлі шапаг жауып, Алғыс хат табыстады.

Салтанатты жиын соңында көпшілік аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының өнерін тамашалап, арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты. Жастар жағы спортшы жігіттеріміздің өнерін тамашалады. Олардың бірі бозкілемде белдесіп, бірі шаршы алаңында доп ойнады. Енді бірі қол күрестеріп, дойбы ойнап көрермендерді тәнті етті.

Дүйсенбек ОРМАНОВ.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: