Биыл да жылда қалыптасқан дәстүр бойынша аудандық «Қордай» мешітіндегі ораза айт намазына халық көп жиналды. Олардың арасында ақсақалдар, әже-апалар, орта буын ағалары, әртүрлі сала қызметкерлері жастардың қатары да мол болды.
Айт күндері мейірім-шапағат, рахымшылық, достық сезімдерін тудыратын уақыт. Айт күндері адамдардың рухы шаттанады, күнделікті күйбең тіршіліктен жабырқау тартқан көңілдері жадырап, бір сергіп қалады. Мұнда бас қосқан мұсылман қауымның алдында аудан бас имамы Ж.Шалбаев сөз сөйлеп, ораза айтының өзіндік ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Уағыз айтып, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелер жөнінде де ойын ортаға салды. Қадірлі мерекеге арнайы келген аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев барша жиналған жерлестерімізді қасиетті ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Әрбір отбасына шадыман-шаттық, ырыс-береке тіледі.
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастырыуымен Қордай-Тараз қоғамдық көлігінде де ұлық мерекеге орай ауданнан қалаға жол жүру тегін болды. Ж.Шалбаев жолаушыларды айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін айтып, дұға жасады.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі