Халықты еміренткен Қадір түні

Халықты еміренткен Қадір түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған адамзат үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Періштелер мен Рух түсіріледі» деген аят келтірілген.

Бүгін аталмыш қасиетті түннен үміт етіп, Тараз жұртшылығы мешіттерге жиналды. Ауызашардан басталған ұлық мереке құлшылықпен жалғасын тапты. Жамбыл облысының рухани жүрегі болған орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналған жамағаттың санында шек жоқ. Алла үйінде қуанысып көріскен тұрғындардың барлығы құлшылық етіп, халықпен бірге Алладан дұға тілеуде.

Орталық мешітте алдымен бас имам Данияр қажы Жұмабаев қасиетті айға байланысты уағыз-насихат жүргізіп, кейін құптан және тарауих намаздары оқылды.

Өз делегациясымен мешітке келген Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков халыққа құттықтау сөзін жеткізді. Ал Республикалық Құран сайысының жүлдегері 15 жасар қари Дулат Қолақұлов жамағаттың жүрегін егілдіріп Алланың кәләмы Құран оқыды.

         Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Ал мың айдан қайырлы қасиетті түн үлкен мүмкіндік. Халыққа еркін құлшылыққа арнайы уақыт беріліп, намаздың маңыздылығы жайында сүбелі уағыз айтылды.

Жамағатқа түрлі діни сұрақтар қойылып, мардымды жауап бергендерге Құран Кәрім сыйға тартылды. Сондай-ақ, елдің ұйыған бірлігіне іріткі салып жүрген жат ағымдардан сақтану жолдары түсіндіріліп, «Жат ағымдардан сақтанайық!» тақырыбында насихат айтылды.

Құран түсіріле бастаған түнді Құран оқымай өткізу мүмкін бе? Әлбетте, әрбір бағдарламадан соң жүректердің лүпілі болған ұлы мұғжиза Құран оқылып отырды.

Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер беті періштелерге сыймай кетеді» деп көрсеткен. Осы Қадір түніне арнайы дұға бағышталып, сәресі тамағы таратылды. Таң намазын оқысып тарқасқан жұртшылық жылдық рухани азық жинап, үлкен қуанышпен әрі қимастықпен тарқасты.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: