Елімізде әр адам қалаған дінін ұстануға ерікті. Алайда соңғы жылдары шетелден түрлі діни ағымдарды уағыздайтын миссионерлердің ағылып келіп жатқаны ақиқат. Олар іс-әрекетін кеңейтіп, қатарына жастарды тартуда.
Қоғамда алаңдаушылық тудырып жүрген бұл жайттың жауынгерлер арасында таралуының алдын алу мақсатында Т.Рысқұлов аудандық әскери бөлім сарбаздары мен «Жауынгерлер діни экстремизм мен терроризмге қарсы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында сөз алған аудандық «Сұлтан »мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев елдегі дәстүрлі ислам дінінің төрт мәзхабы хақында, теріс бағыттағы кей топтардың іс-әрекеттері, имандылық пен ізгілік, жақсылық пен жамандық туралы түсінікті де ұғынықты етіп айтып берді. Кей күмәнді ағымдардың арбауына түскен жастардың ата-аналарына қарсы шығып, тәрбиеге бағынбайтындығы, сөйтіп, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әке мен бала, ана мен қыз арасындағы өзара сыйластықтың бұзыла бастағаны туралы нақты мысалдар келтіре әңгімеледі.
«Қазір имандылық жолын ұстағандардың арасында Отан қорғауға шақыру үшін медициналық тексеруден өтуден бас тартатындар да кездеседі. Біздің еліміз – зайырлы құқықтық мемлекет. Ата Заңға сәйкес діни нанымы бойынша Отан қорғаудан бас тартуға, елдің мемлекеттік рәміздерін құрметтемеуге құқы жоқ. Осы жағына баса назар аударып, есте ұстау қажет», – деп мәселенің заңдылық жақтарына да түсінік берілді.