Ислам діні біліммен және ғылыммен айналысуды жоғары бағалайды және ғалымдардың дәрежесін биік тұғырға қояды.
Құран Кәрімнің алғашқы аятында «Оқы», «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен» деп бұйыру арқылы басталғаны баршамызға белгілі.
Білім – адамзат баласының қоршаған ортаны тануға, білуге, меңгеруге деген ұмтылысы. Жаратушы Алла тағала аманат еткен Ислам діні ғылым мен білімге ерекше құрметпен қарайды.
Құран аяттары мен хадистерде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», «Ғылым әрбір ер мен әйелге парыз», «Ғылым мұсылманның жоғалтқан дүниесі. Оны қай жерде тапса алады», «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі», «Кімде кім ғылым жолына түссе Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді». Міне, осыған ұқсас толып жатқан білім мен ғылым іздеуге шақыратын аяттар мен хадистер ислам дініндегі білімнің мән-маңызын көрсетеді.
Сол сияқты Алла разылығы үшін Шу аудандық Төле би мешітінде қыздар сауат ашу курсы ұйымдастырылып өз жұмысын жүргізуде. Мешітке келіп қасиетті Құранды, ислам тарихын, фиһқ сабақтарын оқып қызығушылық танытқан балалар аз емес. Адам баласы Алла тағаланы жақынырақ танып, құлшылығын дұрыс орындау үшін діни білім алу керектігін ескерген жөн. Ата-ананың парызы балаларға білім беріп, тәрбиелі ұрпақ өсіру, Алланың разылығына бөлену.
Білім жолындағы балаларға табыс тілей отыра, баршамызға білім нұрынан нәсіп етуін Алладан тілейміз.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі