Бала – өмірдің гүлі. Болашағымыздың кепілі. Бала тәрбиесінің – қай елде болсын маңызы зор. Өмірдің базарын бала деп білген халқымыз «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» - демей ме? Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, мектепте, медреселерде берілетін тәрбиемен қабысады.
«Һибатулла Тарази» мешіті балаларға арналған дәстүрлі жазғы сауат ашу курсын жүргізуде. Осы курстың шәкірттері күн санап артуда. Ал бүгінде балалар мешітті аралап, саяхат жасап, бас имаммен жүздесті.
Кездесуде бас имам Данияр қажы Жұмабаев балалардың алып жатқан білімін тексеріп, әдіп-ахлақ, ғибадат, пайғамбар (с.ғ.с.) өмірі жайлы сұрақтар қойды. Сұрақтарға мүдірмей жауап берген балдырғандарға қасиетті Құран сыйға тартылды. Имамдар мен ұстаздар айдың соңында балалармен тағы жүздесіп, алған білімдерін тағы сынамаққа келісті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі