Өткен жылдан биылғы жылдың Рамазан айының оразасына аман-есен жеткізген бүкіл әлемнің Иесі болған Алла Тағалаға ең әуелі сансыз мадақ мақтаулар болсын.
Он екі айдың сұлтаны болған Қасиетті Рамазан айында сауаптар еселеніп жазылатыны сөзсіз. Әсіресе, ауыз бекіткен бір кісіге ауызашар беріп, ауыз аштырса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай ораза ұстаған адамның сауабындай сауапқа ие болады.
Мінекей, Рамазан айының алғашқы күнінде Шу қалалық «Жами» мешітінде 300 адамға ауызашар берілді.
Ауызашар ұйымдастырған Шу пайдалану Локомотив депосының басшысы Қайрат Көкрекбаев ұжымымен бірге дүйім жұртты жинап, батасын алды. Ауызашарға арнайы келген аудан әкімі Дәулет Рүстем Рыспайұлы жиналған жамағатты келген Рамазан айымен құттықтап сөз сөйледі.
Мешітке жиналған жамағатқа қаланың бас имамы Қуат Дүйсенбайұлы сүбелі уағыз айтып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Хазреттің халыққа арналған Үндеуін айтып, Рамазанға байланысты құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар бас имам оразаға байланысты уағыз соңында дүниеден өткен барша әруақтарға Құран бағыштап, Алла Тағаладан елімізге тыныштық, халқымызға ынтымақ бірлік тілеп дұға жасады.
Шу қалалық Жами мешітінің баспасөз қызметі