Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы да басталды. Шу аудандық «Төле би» мешітінде Алла нәсіп етіп, тарауих намазы оқылып, дастархан жайылып ауызашар таратылуда.
Қасиетті Құран Кәрімді мешітімізде Құран хатым жасап тарауих намазын жүргізуге арнайы Астана қаласынан қарилар медресесінен Нұрмухаммед және Темірлан атты қари бауырларымыз шақырылды.
Тарауих намазының бірінші күні мешіт жамағатына үлгі болған аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы ағамыз да тарауих намазына келіп қатысып, аудан тұрғындарына, елімізге шын ықыласымен Алланың мейірімі мен рахымын тілеп, бейбітшілік пен тұрақтылық жайлы дұға жасады.
Сонымен қатар мүбәрәк айдың алғашқы күні мешіт жамағатына, ақсақалдарға жалпы 70-80 адамға арнайы ауызашар берілді. Мешіт ауласы жамағат лық толып, дастархан басында ораза айы туралы уағыз-насихат айтылды.
Асыға күтіп қасиетті Рамазан айына жеткен мешіт жамағаты, ақсақалдарымыз Алланың берген нығметтеріне, сансыз мейрімділігіне өз ризалықтарын шын ықыластарымен білдіруде.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі