Алла Тағаланың Құранда түсірген бірінші аяты «Оқы!» деп келеді, сондықтан Ислам дінінде оқуға, білім алуға үлкен мән берілген. Сондай-ақ, Құранда ілім алуды насихаттайтын көптеген аяттар кездеседі, солардың бірі:
«Алла иман еткендерді көтереді. Ал ілім берілген мүминдерді (жаннатта) қат-қат дәрежелерге көтереді», «Оларға айт, білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма? Білетін адам әлбетте қадірлі». Ілім турасында Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадистері де жетерлік. Бірінде:«Ілім үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз» - дейді.
Жоғарыда айтылғандай халыққа ілім үйрету үшін «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсы жұмыс істеп келеді. Биылғы оқу жылы аяқталып, қыздар сынақ емтиханын тапсырған болатын. Емтихан қорытындысына сәйкес шәкірттер сертификаттармен марапатталды. Ілім алушылардың оқу деңгейіне сай сертификат 1 және 2 сатыға байланысты берілді.
Айта кетейік, осы оқу жылында курста 160-тан астам шәкірт сауатын ашты. Оның ішінде 10 түрлі ұлт өкілдерінен жиналған әжелер, аналар, студенттер, оқушылар да бар.
Аталмыш сертификатты ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев табыстады. Ол шәкірттерге білімнің маңызы жайлы сүбелі сөз айтып, ілімнің аманат екенін жеткізді. «Бұл сертификат білімді ары қарай толықтыр, жалғастыр деп тұрады», – дейді бас имам өз сөзінде.
Курстың ұстаздары Зейнеп Үсенова мен Гүлжан Алдасаева да шәкірттеріне келесі оқу жылы кездескенше сәттілік тілеп, ілімдерін ары қарай дамытуды тапсырды.
Ұлағатты ұстаздардың берген біліміне, әдеп-ахлақына дән разы болған қыздар разылықтарын білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.