Білім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Себебі, Алла Тағала әуелгі аятын уахи еткенде «’Аләқ» сүресінің бес аятын түсірді. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбрәйіл (ғ.с): «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті»дейді.
Жамбыл облысының орталық «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсы бірнеше жылдар бойы шәкірт тәрбиелеу, діни ілім беру жұмысын үзбей атқарып келеді. Үстемедегі жылы 160-тан астам шәкірт білім алған болатын. Айта кетелік, оның ішінде 10 түрлі ұлт өкілдері бар. Оқушылар, студенттер, қыздар, аналар және апалар болып бір шаңырақ астында бір отбасыдай сауатын ашқан әйелдер тобы жыл аяқталып, сынақ емтиханын тапсырды. Аталмыш емтиханды осы курстың ұстаздары Зейнеп Үсенова мен Гүлжан Алдасаева қабылдады.
Емтихан алдында ұстаздар сүбелі сөз сөйлеп, жыл бойы сіңдірген ілімдерін амалға асыруларын тілге тиек етіп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, баршаға зәмзәм суынан дәм таттырды. Шәкірттер ақида, фиқһ, сира, ахлақ, тәжуид сынды пәндер бойынша сыннан өтті. Сынақ кезек бойынша екі күнге созылды.
Емтихан тапсырған күндізгі, түскі және орыс тілді топтар алдағы уақытта сертификаттармен марапатталмақ.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі