Жамбыл облысының қала және аудан имамдары мен ұстаздары көгалда демалыс ұйымдастырды. Аталмыш табиғат аясындағы демалыс дін өкілдерінің ынтымағы мен ұйымшылдығын көрсетті.
Бір тобы орналасуды реттесе, екінші бір тобы оттың ал үшінші бір тобы астың қамына білек сыбана кірісті. Жамбыл өлкесінің таулы да жап-жасыл көркем аймағы Жасөркен тауына бір үйдің балаларындай аттанған мешіт қызметкерлері спорттық ойындар (футбол, волейбол, қол күрес, т.б) ойнап күш сынасса, енді бірінде уағыз айтып имандасты.
Тау етегінде жамағатпен оқылған намаз да Жасөркеннің салқын самалымен жүректерді тербетті. Көпшілік Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, келе жатқан Рамазан айына деген сағыныштарымен бөлісті. Жайылған дастарханда кезекпен Құран оқысып, баталар берілді.
Алла жаратқан сұлу да көз тоймас табиғатта өткен рухани демалыс күні ауызбіршілікті нығайтып, тағылымы терең естелік қалдырды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.