Бірлік ауылында аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаевтың ұйымдастыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ақпараттық-насихат тобымен кездесу өтті. Кездесуге «Бірлік» мешіті жамағаты, «Нұр Отан» партиясы Бірлік БПҰ төрағасы Е.Ә. Жұмабаев, мектеп директоры Л.Ш. Қалтаева, мектеп психологы Ұ. Әбдімұратова, «Ақбөпе» балабақшасы меңгерушісі Э. Кәрібаева мен ұжымы және ауыл қариялары мен тұрғындары қатысты.
Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ақпараттық-насихат тобының мүшесі Еркебұлан Ыбрайымұлы Қарақұлов: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде халықтар достығы мен ынтымақтастығын, конфессиялар арасында өзара түсіністік пен өзара құрметті нығайтуға көп көңіл бөледі. Ұлтаралық қатынастар Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі бағыттарының бірі екені белгілі. Мұндай қатынастар бауырластық, достық, ынтымақтастық, интернационалдық секілді гуманистік құндылықтарға сүйеніп дамуы тиіс. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселеге үлкен назар аударуда. Жаһан жұрты еліміздің дінаралық келісімнің үлгісін көрсетіп отырғанын әлдеқашан мойындаған. Біздің ауыл аралап, жиын өткізудегі басты мақсатымыз, адасып, шет ел асып жатқандар жайлы дұрыс мағлұмат беріп, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. «Ислам» сөзі «Аллаға толық мойынұсыну», «бейбіт адам» деген мағынаны береді. Қолға қару алып, адамды зорлықпен еркінен тыс мәжбүрлеу емес. Өйткені, Алла тағала өз пендесіне таңдау еркіндігін берген...», - деп сөзін түйіндеді.
Сонымен қатар Жамбыл облысы дін істері басқармасының бас маманы Еркебұлан Нұрғалиұлы Есмаханов, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Маханұлы Аманбаев жиынға қатысушардың сұрақтарына жауап берді.
«Нұр Отан» партиясы Бірлік БПҰ төрағасы Е.Ә. Жұмабаев ақпараттық-насихат тобына алғысын білдірді.
Бірлік мешіті