Ноғайбай ауылында уағыз-насихат жұмыстарымен жүрген аудандық «Қордай» мешітінің найб имамы Д.Жандосұлы келесі кездесуді ауылдық мектепте өткізді. Жиынға мектеп мұғалімдері және жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Оқушылармен кездесу барысында найб имам «Мұсылман адам қандай болу керек?» атты тақырыпта насихат айтып, сұхбат барысында Алла құзырында өтірік, өсек, ғайбат айту, ішімдік ішу, ата-анаға қарсы келу сынды үлкен күнә болып табылатын жаман әдеттер жайында кеңінен тоқталып өтті.
Дәуренбек Жандосұлының ерекше тоқталған тақырыбы ол «Отанды сүю иманнан болды». Азаматтардың Отан деген қасиетті ұғымды кең түсініп, Отанға адал қызмет ету жайлы, үдемелі даму жолында ерен еңбек ету турасында әңгіме өрбіді.
Сонымен қатар ғаламтордағы діни уағыздарды тыңдауда сақтық таныту керектігін ескертіп, тек ҚМДБ қызметкерлерінің уағыздарын ғана тыңдауға кеңес берді.
Кездесу соңында студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауап берілді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі