Күрестің ұлттық түрі «қазақ күресінің» даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған.
Қазіргі таңда осы дәстүр өз жалғасын тауып келеді. Мұның айғағы, ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен өтетін Бас мүфтидің жүлдесіне арналған Республикалық күрес турниріне орай Жамбыл облысының палуандары арасында іріктеу сайысы жүргізілді. Сайысқа 8 «Түйе» палуан, 14 «Бұқа» палуаны қатысты. Білекті мыңды жығар күштілердің ішінен «Бұқа» палуан атанып 1 орынды Нұржан Қазыбеков қанжығасына байласа, 2 орын – Бахтан Гарипуллаев және 3 орын – Ерлан Махмутовқа бұйырды. Ал «Түйе» палуан атанған жүйріктердің ішінен Жақып Шыңғысхан 1 орынды иеленсе, Дастан Гарипуллаев 2 орыннан, Төлеген Жұмағұлов 3 орыннан көрінді. Аталмыш дүбірлі додада қазақ күресшісі Мақсат Изтулейев төрешілік етті.
Жүлделі болған палуандарға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев бағалы сыйлықтар мен мадақтама грамоталарын табыстады. 1 орынға кілім сыйға тартылса, 2,3 орынға Алланың кәләмі Құран Кәрім берілді.
Республикалық додоға жолдама алған азаматтарға көпшілік жүлделі болуларына сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.