Алла үйінде мейірімді дастархан жайылды

Алла үйінде мейірімді дастархан жайылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі – қайырымдылық. Қайырымдылық адам – жанының нұры. Құран Кәрімде: «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» («Тағабұн» сүресі, 16-18-аяттар),- дейді.

Бүгін «Һибатулла Тарази» мешіті мен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мешітте «Мейірімді дастархан» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Аталмыш жиында көмекке мұқтаж, көпбалалы, жалғызбасты отбасылар қонаққа шақырылды. Шараға арнайы ақ дастархан жайылып, мұқтаж отбасылар, осы мешіттің имамдары мен ұстаздары, қор мүшелері берекесі мол шаңырақ астына жиналды.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев жиналған жұртшылыққа шүкір, тәубе жайлы сүбелі сөзін жеткізіп, уағыз айтып, дұға етті.

Сондай-ақ, іс-шарада 10 отбасыға азық-түлік таратылды. Бұл қажеттіліктерді ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар ісі жөндегі өкілі Ержан Аманбаев пен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының төрағасы Абылайхан Кәріпбаев пен төрайымы Жанат Көшербаева жанұяларға табыстап, жылы лебіздерін білдірді.

Қайырымдылық шарасының қонағы болған мұқтаж отбасылар шынайы алғыстарын айтып, тілектерін жолдады. Айтулы науқан алда әлі де өз жалғасын таппақ.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: