Қытайлық имам Жамбыл жұртшылығымен кездесті

Қытайлық имам Жамбыл жұртшылығымен кездесті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ тарихынан белгілі, халқымыз өзге ұлттармен достықты алдыңғы қатарға қойған. Тарихи, саяси тұлғалардың достығы өз алдына, мемлекеттердің достығы да үлкен үлгі. Еліміздің барлық қалалары алыс-жақын шетелдегі бірқатар мемлекеттің қалаларымен өзара ынтымақтастық орнатып, бауырлас қалалар мәртебесіне қол жеткізді. Ал, екі мың жылдық тарихы бар Тараз шаһарының тамыры тым тереңде. Тараз топырағы да осы күнге дейін әлемнің бірқатар мемлекеттерінің қалаларымен бауырластық орнатып, халықаралық достықты нығайтуға үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Сиань қаласы туыстас қалалар болып есептеледі.

Жыл басында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған бір топ делегация Сиань қаласында болған еді. Мұнда он сегізінші сауда-инвестициялық көрмесі мен «Жібек жолы» жәрмеңкесі өткен болатын. Сол сапарда Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Сиань қаласының бас имамын Тараз қаласына шақырған болатын. Аталмыш шақырту бойынша бүгін Қытайдың Сиань қаласының бас имамы Ма Ипинг көненің көзі болған Тараз шаһарына ат басын тіреді. Қытайлық мұсылмандардың сәлемін ала келген дін өкілі орталық мешітке зиярат етіп, жамағатымен көрісті. Сондай-ақ, «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстаздарымен, шәкірттерімен сұқпаттасты. Шүкір, тәубе жайында сүбелі сөз сөйлеп, мұсылмандардың бауырластығы туралы уағыз айтты.

Әл-Азһар университетін бітірген Ма Ипинг каллиграфия (жазу өнері) өнерімен шұғылданы. Көпшілікпен осы шеберлігімен бөлісіп, өз қолымен салған жазуын мешітке сыйға тартты. Сонымен қатар медресе шәкірттері үшін дұға жасады.

Имам Яхия (лақап аты) осы бірнеше күндік сапарында Түркістан қаласында болып, бүгін Тараз мекенінің тарихи, мәдени орындарымен танысуда. Алдағы жоспар бойынша Қордай ауданындағы Дунган этномәдени орталығының өкілдерімен кездесу өткізбек.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: