Бүгінде жастардың, жалпы қоғамның діни сауаттылығын арттыру, олардың дәстүрлі емес жат ағымдарға рухани қорғанышын нығайту мақсатындағы жұмыстар кеңінен қолға алынып жатыр. Аталмыш бағыттағы жұмыстардың атқарылуына аудандық «Қордай» мешітінің қызметкерлері барынша атсалысуда. Алға ауылында іс-сапарын жалғастырған найб имам, дінтану магистрі Д.Жандосұлы ауыл мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Дәуренбек Жандосұлы оқушылармен түрлі дін мәселелерін әңгімеге арқау етті. Діни сауатсыздық сөз болып, өкінішке орай жастардың өз ата-баба дінінің құндылықтарынан аз ақпараттандырылғанын қынжыла жеткізіп, қазіргі заманның негізгі проблемасы – жастардың жат ағымдарға байқаусыздан, көбінесе діни сауатсыздықтан кіретіні жөнінде айтып, мысалдар келтірді. Имам оқушылар тарапынан дін төңірегіндегі әртүрлі мәселелерге қатысты келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, уағыз-насихатын әртүрлі қызықты да, мағыналы өнегелермен өрбітті.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі