Нұрлыкент ауылдық округі Ломоносов орта мектебінде «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастар ісі нұсқаушысы Әділет Дәулетбаевтің ұйымдастыруымен және Жуалы ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаевтың қатысуымен «Дін және діңгегім» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – жастарға діни тәрбие берумен қатар, тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілік пен кішіпейілділікке, діни ахуал туралы мағлұмат беру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға шақыру. Жалпы дін–әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдық құбылыстарға тән тарихи, саяси – әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Ол ежелгі заманнан бері адамдармен бірге жасасып келеді. Оны тұжырымды түрде Құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығын мойындау және соған илану деп анықтауға болады. Дін туралы арнайы ғылымды – тінтану дейміз. Дінтану ғылымы дінді теологиялық, философиялық – әлеуметтік, биологиялық, психологиялық және этнологиялық тұрғыдан бөліп қарастырады.
Кездесудегі алғашқы сөз кезегі ауданның бас имамы Алмас Рысханұлына берілді, өз сөзінде ислам діні – әлемдік діндер ішіндегі ең кең тараған қасиетті дін екендігін және ислам діні тән тазалығымен қатар ішкі жан дүниесінде таза ұстауға көмектесетіндігін айтып, әрбір мұсылман санайтын адам баласының бес парызына тоқталып, жастарға имандылық туралы түсінік беріп, қазіргі таңда қазақ қоғамын жайлап бара жатқан түрлі келімсек ағымдар, олармен күресу, сақтану жолдары, жастарға дін мәселесі жөнінде оң пікір қалыптастыруға, діни наным – сенім мен олардың зиянына тоқталып, жастарды адамгершілікке тәрбиелеуге шақырды. Онымен қоса оқушыларға Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Дін және Отан» тақырыбында шағын кітапшаны таратты.
Кездесу соңында мектеп оқушылары дін бойынша түрлі сауалдар қойып, мектеп директоры Гүлсара Жарылқасынқызы келген топқа алғысын білдіріп, осы сынды кездесулердің келешекте жалғасын тауып, жастар мен қоғам тұтастығына септігін тигізер деген тілектерін білдіріп рахметтерін жеткізді.