Діни экстремизм мен терроризм талқыланды

Діни экстремизм мен терроризм талқыланды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе,  Халықаралық терроризм кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес. Нақты және шынайы қауіп» – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей бүгінде әлемді шарлаған экстремизм мен терроризмді қалай құрықтауға болады? Оның алдын алу, мүлдем болдырмау үшін не істеу керек? Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ақпараттық-түсіндіру және талдау бөлімінің басшысы Самғат Мұтанов, осы бөлімнің инспекторы Бағлан Қырғызбай, аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаев, аудандық жастар орталығының мамандары, колледж ұстаздары мен білімгерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 Басқосуды аудандық Жастар орталығының директоры, аудандық мәслихаттың  депутаты Еркебұлан Абасов ашып жүргізді. Алқалы жиында алдымен сөз алған Самғат Мұтанов діни сана, діншілдік дегеніміз не, діншілдіктің «бел балалары» діни фанаттар, діни фундаменталистер, діни радикалистер, діни экстремистер, діни террористер, дәстүрлі діни ұстанымдағы діншіл адамдар жайлы, діни бағыттағы Мадхалилер-Раби аль-Мадхали, Сурурилер, Тәкфир әл-Хиджра (джахадистер), Мұсылман бауырлар, Хизбут –Тахир сияқты партия, ұйымдардың әрекеті мен идеясын кеңінен әңгімеледі.

 Сондай-ақ, ол елімізде экстремистік, террористік деп танылған сот органдарымен тыйым салынған «Аль Кайда», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Күрді халық конгресі», «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан қозғалысы», «Боз-Ғұрт», «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Шығыс Түркістандағы азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы» «Халифат солдаттары», «Хизбут-Тахрир аль-Ислами, «Таблиғи жамағат», «Ислам мемлекеті» сияқты діни партиялар мен ұйымдар туралы қысқаша түсінік берді.

    Келелі басқосуда аудандық мешіттің бас имамы Зият Исаев:

 -Экстремизм дегеніміз – жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Экстремизм адамның надандыққа, көрсе қызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Ал терроризмге жүзден астам анықтама берілсе де, олардың ешқайсысы оның зардапты сипатын толық қамти алмайды. «Террор» сөзі латын тілінен шыққан, қорқыныш, үрей деген мағына береді. Ислам – терроризмге, зорлық-зомбылыққа, діни экстремизмге қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіріледі. Ислам қақтығыс, лаңкестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптаған, керісінше қоғамдық тұрақтылық, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін. Терроризмнің ұлты да діні де жоқ. Ислам діні терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Дін атын жамылып, адам пиғылдарын іске асырмақ болып жатқан экстремистер мен террористерге қарсы тұру баршамыздың ортақ міндеттіміз, әрі мүддеміз деп түйіндеді сөзін Зият Исаев.

       Колледж директоры Дәурен Кенжебеков,  аудандық Жастар орталығының директоры Еркебұлан Абасов тақырып төңірегінде өздерінің ой-пікірлерін айтты.

     Басқосу барысында экстремизм, терроризм, діни алауыздық пен дұшпандылық жайлы бейне роликтер көрсетіліп, білімгерлер арасында дін жайында сауалнама жүргізілді.

Мойынқұм аудандық мешіті

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: