Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұңғыш рет қыздар арасында республикалық Құран сайысын өткізгелі отыр. Бірнеше аптадан соң дінсүйер көпшілікті бір шаңырақ астына жинағалы тұрған іс-шараға әр облыс өзінше дайындық үстінде. Әлбетте, Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті де бұл істе қызу дайындыққа кіріскен.
Осыған орай, орталық мешітте Республикалық сайысқа жолдама алу үшін облыс бойынша іріктеу жүргізілді. Аталмыш іріктеуге 16 үміткер қатысты. Оның ішінде ең үлкені қырықтан асқан әпкелер болса, ең кішісі 9 жасар мектеп оқушысы.
Қыздардың жаттаған сүрелері мен қырағатын, сондай-ақ, тәжуид пен Құранға байланысты түрлі қағидаларды ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, қари Данияр қажы Жұмабаев пен «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Асхат Акмамбетов тексерді.
Сонымен қатар бас имам іріктеуден өткендерге жаттаған сүрелерді тағы да пысықтауды тапсырып, жарысқа дейінгі дайындықтарға сәттілік тіледі.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.