Тараз қаласындағы ТИГУ университетінде Тараз жастар орталығының ұйымдастыруымен және «Әулие ата» мешітінің бас имамы Аят Алмахановтың қатысуымен «Суицид тығырықтан шығатын жол емес» атты семинар өтті.
«Әулие ата» мешітінің бас имамы студенттерге суицид шариғатымызда үлкен күнә екендігі туралы уағыз-насихат айтты. Қасиетті Құраннан, хадистен мысалдар келтірді. Шариғат өзін-өзі өлтіруге қатаң тыйым салады. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді»(«Ниса» сүресі, 29-аят). Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгілікке тасталады»– дейді. Ал, сахаба Жүндәб ибн Абдуллаһ (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Соғыста жараланған бір кісі оның ауруына шыдай алмай өзін-өзі өлтірді. Сонда Алла тағала: «Пендем өз жанын алуда менен озды, сондықтан Мен оған жәннатты харам еттім»,– деген.
Хадисті ең көп риуаят еткен белгілі сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Біз Хайбар шайқасына бара жатқанымызда бір кісі тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болғанын айтты. Алайда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол адам жөнінде: «Ол тозақ тұрғындарынан»– дегенде біз ерекше таңданыс білдірдік. Өйткені, ол майдан алаңында нағыз батырларша соғысып, жанқиярлық танытты. Мұны көрген иманы әлсіз кейбір мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзіне күмәндана бастады. Бірақ, ол соғыс алаңында алған жарақатының ауруына шыдай алмай, жебенің ұшымен өзін-өзі бауыздап өлтірді. Бұл оқиғаға куә болған мүміндер Расулуллаһтың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Алла тағала сөзіңді ақиқатқа шығарды. Сіз (с.ғ.с.) көрсеткен адам өзі-өзі өлтірді» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында тұрған бір сахабаға: «Жұмаққа тек иман келтіргендер ғана кіреді» деп мұсылмандарға хабарла»,– деді. Семинар соңында білімгерлер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді
«Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі.