Қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатқа мейіріммен қарау – мұсылман баласы үшін басты міндеттердің бірі. Атадан балаға мирас болып келе жатқан оңтайлы әрі сауапты істі жалғастыру мақсатында, аудандық «Қордай» мешітінің ұйытқы болуымен, аудандық жастар ресурстық орталығының тікелей қолдауымен аудан орталығында ядорлық қарудан зардап шеккен азаматтар құрметіне жасалатын аллея іргетасының қалануына ат салысты.
Игі іс шараға наиб имам Дәуренбек Жандосұлы, жастар ресурстық орталығының директоры Таутен Айбек, «жасыл ел» бірлестігінің мүшелері қатысты. Тал егу шарасында аудандық "Қордай" мешітінің найб имамы Дәуренбек Жандосұлы: "Ислам дінінде қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да құпталған іс. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiнімізде қуатталған, тіпті мұсылмандар осы iстерге әрқашан жұмылдырылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қандай да бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болсадағы, мiндеттi түрде өзiне сауап ретiнде керi қайтады», – деп айтқан.
Ал, халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек!», - деп игі іске үндеген. Міне, баршамыздың жұмыла осы шараға қатысуымыздың сыры сауапты істе жарысып, елдің игілігіне үлес қосу», - деп шараның маңыздылығын атап өтті. Байқағанымыздай, асыл дінімізде жасыл желектi ағаштарға да баса назар аударған. Ағаштың және ормандардың тек қана адамдар үшiн емес, сонымен бiрге жан-жануарлар үшiн де пайдасы орасан зор. Аталған шараның мақсаты — жастарға игі үлгі беріп, олардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту, экологиялық тәрбиені насихаттау.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі