Имам Наурыз мерекесімен құттықтады

Имам Наурыз мерекесімен құттықтады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Шадыман шаттығын жетелеп көктем де келді. Алла нәсіп етіп, тағы бір амал айымен, тағы бір көктеммен, алыс-жақындағы ағайынмен қауышуға жазды. Жылда асыға күтетін ұлыстың ұлы күні — жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше. Бұл күні дүбірлі той, ақ түйенің қарны жарылған күн болды.

 Таң атқаннан алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Жұрт бар жақсысын киіп, ауыл аралап, бір-біріне жақсы тілектер айтуда. Халқымыздың ертеден тойланып келе жатқан бұл мейрамды көпшілік зор қуанышпен тойлауда. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген 10-нан астам ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәні мен салтанытының айғағындай. Қайсы шаңыраққа бас сұқсаңыз да әсем әннен шашу шашылып, күй төгiлуде. «Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, «Наурыз ауыл» көрер көздi сүйсiндiредi. Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының бәрiн халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр киiз үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түскiсi келгендей бар жақсысын жайып салыпты.

Т.Рысқұлов ауданы  Жібек Жолы көшесі бойындағы орталық аланыңда  наурыз мерекесі аталып өтті. Аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұтаншәріп қажы Джадраев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты наурыз мейрамымен құттықтап: «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, бақыт әкелсін!» - деді 
Сондай-ақ, «Тарихи тамыры тереңге бойлаған Әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!» – деп ақ батасын берді.

Әбілда МЕЙІРХАНОВ

Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: