Жамбыл облыстың туберкулезге қарсы диспансерінде «НұрДәулет – Үміт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта науқан өтті. Іс-шара негізінде орын алған кездесуге «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев, ұйымдастырушы қордың төрайымы Э.Жамғырбаева қатысты.
Әрбір дерттің шипасын беруші – Алла Тағала. Адам өмірінде ауыртпашылық, сынақ және бәле-жала болмай тұрмайды. Бұл жайттар адамды тығырыққа тіреуі мүмкін. Бірақ, біз келген мәселенің шешімін, барлық сұрақтың жауабын Құраннан табуға болатындығын ұмытпауымыз керек. Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» («Бақара» сүресі, 155-аят), «...Оларға ашаршылық және ауру-науқас келді...» дейді («Бақара» сүресі, 214-аят).
Құран – жанға дауа, дертке шипа. Белгілі бір техника бұзылса, оның нұсқама қағазына көз жүгіртеміз емес пе, сол секілді адам ауырса оның «нұсқамасы» болған Құранға жүгінеміз: «Құраннан мүміндерге шипа және рақым түсіреміз...» («Исра» сүресі, 82-аят).
Найб имам осы сынды сүбелі сөз сөйлеп, көпшіліктің сұрағына мардымды жауап қайтарды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі