Бірлік бар жерде - береке бар

Бірлік бар жерде - береке бар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаны жайсаң, дінді кең көлемде түсінген ата-бабамыз тағдырдың тәлкегімен өз жерлерінен, өз үйлерінен қуылған қаншама ұлттар мен ұлыстарға құшағын жайып, өз қамқорлығын көрсете білді. Барымен бөлісіп, мұсылмандық сипаттың керемет үлгісін көрсете білді. Осылайша, ұлы дала елі көптеген халықтардың біріге көтерген киелі шаңырағына айналды. Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар, түрлі халықтар қазақ жеріне табандары тигенде ғана жан шақырып, естерін жиды.

 Қордай ауданы да  көпұлтты аудандардың қатарына жатады. Аудан тұрғындарының  біраз бөлігін дүнген ұлт өкілдері құрайды. Дүнген ағайындар қазақ халқының мейірімділігін ескере отырып, ауданымыздың түрлі саласында өздерінің адал еңбектерімен кең танылуда. Әсіресе дін саласында дүнген бауырларымыздың қосар үлесі ауыз толтырарлық. Ауданымыздағы имам-молдалар корпусының тең жартысы осы дүнген бауырлар. Осы азаматтардың баршасы ауданның бас  имамы Ж.Шалбаевтың   қажырлы еңбегі аясында ҚМДБ қатарында жемісті қызмет атқаруда.

Әр елдің өз тарихы, ауыртпашылық пен жетістік кезеңдері болары анық. Міне, осындай тарихтың куәгері болған Сортөбе ауылының азаматы Д.Х.Суахунов  «отдаленные судьбы» атты кітап жазды. Кітапта тоғысқан тағдырлардан үзінділер, Қазақ жеріндегі дүнгендердің орнығуы мен тіршілік етуі, дүнгендердің ислам дінін қабылдаудағы негізгі факторлар жайлы  жазылған. Кітаптің тұсаукесері Алматы қаласында, «Достық сарайында» өтті. Тұсаукесер рәсіміне  Қордай ауданының бас имамы Ж.Шалбаев бастаған дін қызметкерлері қатысты. Ұйымдастыруышылар дүнген этносының зиялы қауым өкілдері бірінен кейін бірі сөз сөйлеп, әр қайсысы  қайырымды қазақ халқына, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатына алғыстарының шексіз екендігін жеткізіп, ұлтаралық татулық жайлы сөз етті.

Ж.Шалбаев сөз кезегінде ұлтаралық келісім Алла нәсіп еткен,  еліміз жеткен елеулі жетістік, ерен ерлік екендігін атады. Сырт көздер қызыға да қызғана қарайтын бұл келісім Тәуелсіз мемлекетіміздің өзегі мен қуаты, айдыны мен айбыны деп толғанды. Оны бұзған оңбайтындығын жеткізді. Өйткені, өзге мемлекеттерде соғыс пен жанжал туындап, өршіген өртті өшіре алмай жанталасып жатыр. Ал бізде келісім мен татулық туы желбіреу үстінде. Десек те, осы келісімді бұзып, арамызға іріткі салмақ ниетпен түрлі пиғылдар бас көтеріп жүр. Бірақ, бұл пиғылдар өз-өзіне берік, көзі ашық, көкірегі ояу елге залал келтіре алмасы заңдылық. Мұндай игілікті сақтап қалу үшін әрбір жанұя, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне барынша мұқият қарау –  келешегімізді баянды етуге қосқан үлкен үлес деді. Тәуелсіздік елімізді толерантты ұлт, ақ пейіл халық ретінде әлемге танытты. Бүгінде дүние жүзі Қазақстанды көп ұлтты мемлекет, ұйысқан ұлт ретінде таниды. Бұл құндылықты дәріптеу мақсатында бала тәрбиесінде ұлтаралық татулық мәселесін де кеңінен қолдануға кеңес берді. 

Қазақстан аумағындағы түрлі ұлттардың ұзақ уақыт бойы «әй-шәй деспей» қоян қолтық тіршілік кешуіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды.

Қазақ «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Аллаға шүкір  бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты.

Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: