Ауданымызда уағыз-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оның тағы бір дәлелі жастармен аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Дін және жастар» атты тақырыптағы кезекті кездесу. Қордай ауданының бас имамы Ж.Шалбаев мектеп оқушыларымен колледж тәлімгерлеріне діннің қоғамда алатын орны жайында баяндай келе, дініміздің құндылықтарына кеңінен тоқталды. Халқымыздың дін мен дәстүрді қалай ұйыстырып, өз өмірлерінде шамшырақ етіп ұстанғандығы жайында айтып өтіп, әр түрлі дін мәселелерін әңгімеге арқау етті.
Бас имам қазіргі заманның негізгі проблемасы – жастардың экстремизм ағымына байқаусыздан, көбінесе діни сауатсыздықтан кіретіні жөнінде айтып, мысалдар келтірді. Интернетте қандай сайттарды қолдану керектігі жөнінде мәселе көтерілді. Сараптамадан өтпеген діни әдебиеттерді оқудан бас тартуға шақырды. Жиынға қатысушылар бас имам Ж.Шалбаевқа көкейкесті сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі