17 ақпанда №13 Тараз теміржол колледжінде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелеудегі ислам дінінің алатын рөлі және елімізде белең алып отырған өзге ағымдар діни ағымдар жайлы түсіндіру мақсатында «Діни терроризм тамыры қайда және оны қалай қырқамыз?» тақырыбына семинар өткізілді.
Аталмыш шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар ісі жөніндегі өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев арнайы қатысып, діни ағымдардан аулақ болу, имандылық, адамгершілік, отбасындағы тәлім-тәрбие, достық қарым-қатынас, мұсылмандықтың негізгі міндеттері мен парыздары турасында сөз қозғады.
Жиында терроризм мен экстермизм және ұлт тұтастығына нұқсан келтіретін діни жат ағымдар мәселесі талқыланып, бүгінгі қоғамдағы дәстүрлі діннің, діни экстремизмнің жастардың санасын улаудағы іс-әрекеттер мен оның зардаптары туралы қызықты әңгіме өрбітіп, студент жастар аталған тақырыпқа қызығушылық танытып, өз ойларын ортаға салып, әңгіме барысында сұрақтар қойып белсенділік танытты.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі