Ардақты да сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі» – деген. Бүгін Мойынқұм аудандық мешітінің бас имамы Зият Исаевтың ұйытқы болуымен Т.Рысқұлов мектебінде аталмыш тақырыпта кездесу өтті.
Жиынға мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Бас қосу барысында аудан имамы: «Егер Алла бізге бір нәрсеге тыйым салса, міндетті түрде одан абзалын береді. Алланың елшісі былай дейді: «Алла сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды». Бүкіл жаратылыстың Раббысы осы екі мерекені ең абзал күндер деп атаған екен, ой-санасы түзу, Аллаға және Оның Пайғамбарына итағат еткен адам осы екі мерекені ұлық мереке ретінде қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мереке исі мұсылман қауымына соның ішінде қазақ халқының әдет-ғұрпымен, салт-дәстүріне тіпті діни көзқарасына да үш қайнаса сорпасы қосылмайды, сондықтан Алланың және Оның елшісінің бұйырғандарын алып, тыйым салғанынан тыйылайық,» – деп сөзін қорытындылады.
Мектеп оқушылары өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алған-ды.
Ә.Сүйіндік