Екі дүние сардары Хз. Мұхаммедке (с.ғ.с.) сағыныш

Екі дүние сардары Хз. Мұхаммедке (с.ғ.с.) сағыныш

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала «Ахзаб» сүресінде:«Сөзсіз, Алла Тағала және Оның періштелері әрдайым пайғамбарға салауат етеді. Ей, иман еткендер! Сендер де Оған (Мұхаммедке) салауат айтып, жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!» деген. Салауат – сан ғасырлар бойы жалғасып келген әрбір үмбетінің «Уа, Пайғамбарым! Мен де сенің үмбетіңмін» - деп көкірек кере қуаныштан жар салуының көрінісі. Салауат – сан ғасырды артқа тастаса да, үмбетінің Пайғамбарына деген түгесілмес сағыныш сазының әуені. Салауат – үмбетінің Оған (с.ғ.с.) бір қадам болса да өзін жақын сезінуінің шарасы болса керек.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, жүректегі сағыныштарын бөліскен әйелдер жамағаты арасында «Екі дүние сардары Хз. Мұхаммедке (с.ғ.с.) сағыныш» атты рухани кеш өтті. Ақ дастархан жайылып, әжелеріміз қол жайып бата берді.

«Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсының ұстаздары мен шәкірттері дайындаған кеште осы қабырғада ілім алып жүрген қыздар Құран оқып, салауат айтса, ұстаздар кезекпен кезек уағыз айты. Дәріс уақытында жарияланған кітап сайысының қорытындысы анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Аз ғана уақыттың ішінде сира сынды кітаптарды жарыса аяқтаған үздіктерге кітаптар сыйға тартылды. Сондай-ақ, мектеп оқушысы болса да, медресе сабақтарынан қалмай, ілім ізденіп жүрген жеткіншектерге де сыйлықтар үлестірілді.

Саңлақ сахабалар өмірінен қойылымдар қойылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңғы құтбасы тыңдалды. Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген сағыныш кернеген жүректер көздеріне жас алған-ды.

Кеудені тулатып, жүректі дір еткізген жиын қатысушылардың рухын тағы бір сілкіндірді. Разылығын білдірген жамағат келесі отырысқа асыққан-ды.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: