Шу ауданы Төле би мешітінің және КММ-жастар орталығының инструкторының ұйымдастыруымен Е. Бекмаханов атындағы қазақ орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өтті.
Оған Шу аудандық «Төле би» мешітінің найб имамы Талғат Сейткереев, Шу ауданы әкімдігі КММ- жастар орталығының инструкторы Жәнібек Иманбаев және мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар еліміздегі болып жатқан діни ахуалға тоқталып, дін атын жамылған ағымдардың ел бірлігіне төндіріп отырған қауіпті әрекеттерін айтып, қазіргі ашық ақпараттық қоғамда жастарымыздың жат пейілді діни ағымдардың жетегінде кетіп қалмау үшін өз дініне беріктік, діни сауаттылық қажет екенін талқылады.
Сонымен қатар кездесу барысында найб имам Т.Сейткереев оқушыларға ата-ананы құрметтеу, жалпы білім алу және кері тартпа ағымдар жайлы кең көлемде уағыз-насихат айтты.
Жиын соңында жиналған оқушылар тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Шу аудандық Төлеби мешітінің баспасөз қызметі