Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек аулында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айына орай ұйымдастырылған Мәуліт мерекесі өтті. «Таңат ата» мешітінің ұйымдастыруымен өткен рухани кешке ауданымызға белгілі ақсақалдар және ақ жаулықты аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдық мәдениет үйінде жиналған жамағат адамзаттың асылы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін аңғартқандай.
Кеш шымылдығы Тараз қаласының «Әулие ата» мешітінің найб имамы Ораз Баймахановтың Құран оқумен ашылды.
Аудандық ақсақалдар төрағасы Қожайхан Бижанов: «Құрметті, жамағат! Егемегенді ел болғанымызға жиырма жылдан асты. Алла осыған дейін жоғалтқан егемендігімізді, дінімізді, ділімізді жандандырып, қайта өзімізге қайтарып отыр. Бүгін мұсылмандар үшін нұр шашылғанан күн. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Мәулітіне жиналып отырмыз. Осы мерекеміз құтты болсын! Әр мұсылманның шаңырағына шаттық береке, амандық алып келсін,» деп түйіндеді.
Т.Рысқұлов ауданы «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраевтың құттықтау лебізін білдірді. Мәуліт мерекесінің мән-маңызы жайлы айтып өткен бас имамның дәйекті сөздері рухани кешке жиылған жамағаттың сәл де болса білімін арттырып, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктерін оятуға септігін тигізгені сөзсіз.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ, әскери зейнеткер
Т.Рысқұлов ауданы