Сағындым сені, Әз Пайғамбарым!

Сағындым сені, Әз Пайғамбарым!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзаттың ұлығы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген Мәуліт айында Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры ұлықталуда. Алла Тағала «Қалам» сүресінің 4 аятында: «Шын мәнінде Сен ұлы ахлақтың (мінез-құлықтың) иесісің» – деген. Осындай көркемдіктің қайнары болған ардақты Пайғамбарымызға арнап барлық мешіттерде Мәуліт оқылып, мүбәрак айда қайырымдылық науқандары жасалып жатыр және де жалғасын табуда.

Бүгін ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі, «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта рухани мерекелік кеш өтті. Келген халыққа «Иман» журналы мен «Ислам өркениеті» газеті таратылды.

Мерекелік кеш Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінің асыл мұраты жайындағы бейнероликтермен басталып, қасиетті Құранның теңдесіз аяттарымен ашылды. Бұқара жүрегін елжіретер аталмыш бағдарламаның тізгінін Бекзат Сәкенұлы ұстады.

Орталық «Баласағұн» концерт залында өткен тағлымы мол рухани кештің қонағы Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков халықты айтулы мерекемен құттықтап, діни білім жолында жасалып жатқан жетістіктерге тоқталып өтті. Ал, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев жамағатқа адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегеге толы ғибратты ғұмыры мен саңлақ сахабаларының оған деген махаббаты туралы уағыз-насихат айтып, жұртшылыққа жылы лебізін білдіріп, дұға жасады.

Мәдіхан Тәжиев «Мұхаммед Пайғамбарымыздың дүниеге келуі мен есеюі» жайында домбырамен мәуліт жырын орындаса, «Асыл мұра» өнер орталығының таланттары «Құнанбай», «Отбасы» сынды қойылымдарымен көрерменді тебірентті. Сонымен қатар Аңсар Жорақұлов «Талағал бадру» әнін халыққа тарту етіп, Меркі ауданынан арнайы келген Қымбат пен Асылай Жартыбайлар ой салар өлеңдерін оқыды.

Ораз Баймаханов пен Махмуджан Асадуллаев бастаған «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірттері Мәуліт оқыды. Халыққа танымал әнші Сержанәлі Әлібек қос әнімен Аллаға шүкір, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтты.

Сондай-ақ, жалынды жастардан құрылған жас «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қоры «Һибатулла Тарази» мешітінің қолдауымен осы Мәуліт мерекесіне орай қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Иманды жастар – қоғамның келбеті. Мәуліт мерекесін асыға күткен бұл жастар мерекенің тұздығына айналды. Ал, ұйымдастырылған іс-шарадан түскен қаражат әдеттегідей мұқтаж отбасыларға, қайырымдылыққа жұмсалмақ.

Ғибраты мен қайыры мол мерекелік кештің қонағы болған Тараз жұртшылығы алған әселерімен бөлісіп, разылықтарын білдірді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: