Асыл Пайғамбардан (с.ғ.с.) өнеге

Асыл Пайғамбардан (с.ғ.с.) өнеге

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде адамзаттың ардақтысы, екі дүниенің сардары, рақым Пайғамбары Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) туған күні – «Мәуліт ән-нәби» мерекесі өтті. Игі шара ауданның бас имамы Алмас қажы Рысбекұлының Құран аяттарын оқуымен басталды. Аудан әкімі Батырбек Құлекеев жиылған қауымды маңызы терең діни мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Кезек мәдениет үйінің әртістері сомдаған сахналық қойылымға беріліп, дін үйренгісі келген немере мен атаның, қыдырымпаз турист пен атаның арасындағы диалогтар, актер Ербол Бекжановтың Пайғамбардың (с.ғ.с.) асыл қасиеттері туралы монологы әсерлі шықты. Әншілер Гүлнар Қашкеева мен Мәлік Мықтыбаев Шапайдың «Арман» әні мен «Тасынба, көңілім тасынба» термесін орындады.

Ауданның бас имамы Алмас қажы Рысханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұғырнамасының негізінде «Шынайы мұсылманның бейнесі» тақырыбында уағыз айтты. Ол мәуліт-шәріп мерекесін өткізудің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты өмірін насихаттау арқылы оған (с.ғ.с.) халықтың сүйіспеншілігін ояту ниетінен туғанын жеткізді. Нұрлыкент ауылының имамы Қанат Шәмшиев «Пайғамбар (с.ғ.с.) қандай жан?» тақырыбында әңгіме айтып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегеге толы ғұмырнамасынан тағылымды сыр шертті.

Келесі кезекте мәдениет үйінінің өнерпаздары Талғат Батыров, Ерболат Қаттебеков, Мәлік Мықтыбаев, Ербол Бекжанов пен Нұржан Әлішевтер қысқа жыр шумақтарын оқып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне өнеге еткен көркем мінез-құлықты, мейірбандықты, рақымдылықты, қанағатты, сабыр мен төзімді, адамдық пен ізгілікті жүректерге жақын қондыруға тырысты.

«Жуалы» халық театрының қоюшы-суретшісі Қойшыбай Төремұратов мәуліт-шәріпке арнап жазған жырын оқып берді. Әрі қарай көрермендер ауданның бас имамы Алмас қажы Рысбекұлы мен «Жуалы» мешіті имамының көмекшісі Бекберген Есбосыновтың орындауындағы 12 бөлімнен тұратын мәуліт жырын тамашалады. Жырдың қайырмасын аудандық орталық мешіт жанындағы медресе шәкірттері ортақ дауыспен шырқады.

Мәуліт жиыны аудан орталығындағы «Қаракөз» мейрамханасында жайылған көпшілік дастархан басында жалғасып, жамағат Пайғамбардың (с.ғ.с.), ізгі сахабалардың, ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштады.

Абылайхан Сәрсенов,

Журналист.

Жуалы ауданы.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: