Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір сөзінде «Егер адамдар бір жиында Алла Тағаланы еске алмай және Пайғамбарына салауат айтпай, өз орындарында отырса, Алла Тағаланың қасында бұл іс олар үшін кемшілік болады. Алла Тағала қаласа оларды азаптайды, қаласа оларды кешіреді»-деген. Сол үшін де жүрегінде иманы, санасында сәулесі бар әр мұсылман Пайғамбарға (с.ғ.с.) құрмет көрсетіп, салауат айтуды әрдайым есте ұстауы қажет. Ал, мұсылмандар тарапынан айтылатын мұндай салауаттың мән-маңызы – Пайғамбарымыздың туылған күні.
Бүгін Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылы «Рәтқұл ата» мешітінде Мәуліт мерекесі аталып өтті. Аталмыш шараға ауданның бас имамы З.Исаев, ауылдың мешіттерінің жамағаты қатысты. Ауданның бас имамы З.Исаев жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірі жайлы мағлұмат берді. Ауылдың мектеп оқушылары Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, Мәуліт шәриф өлеңдері оқылды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихы жөнінде ғибратты видио-роликтер көрсетілді. Сондай-ақ, дастарханнан дәм беріліп, Құран оқылды.
Ә.Сүйіндік