Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуде. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, Тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Жер-жерде сауапты да, салауатты іс-шара – мәуліт кешін ұйымдастыру жалғасын тауып келеді.
Тараз қалалық «Әулие-ата» мешітінің Бас имамы Аят Дыбысұлы Алмахановтың бастамасымен және қала имамдарының атсалысуымен 200 адамға Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туған айына арналып дастархан жайылып, дәм берілді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі, ізгілікті өмірінен өсиеттер айтылды.
Іс-шараға ақ сақалды аталар, ақ жаулықты әжелер, мешіт ұстаздары, орта буын аға-інілер, мешіт шәкірттері жиналды.
Мешіт имамдары арнайы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап салауаттар оқыды.
Жамбыл облысының өкіл имамы Данияр қажы Әлимұхаммедұлы сөз сөйлеп, жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен мағлұмат берді.
Мәулітке келген жамағатқа ҚМДБ тарапынан шыққан «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты кітап таратылып, ардақты аналарымызға, әжелерімізге әзірлеген гүл шоқтарын беріп, қыз-келіншектерге дәріс беріп жатқан үш ұстазға арнайы алғыс хаттар табыс етіліп Мәулітпен құттықтады.
Мәуліттің соңында 2015 жылды қорыта келе, өз қызметтерінде белсенділік танытып 4 бағытта жұмыс атқаруда ерекше көзге көрінген имамдарға Жамбыл облысының өкіл имамы Данияр қажы Әлимұхаммедұлының алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сыйлық тарту етілді.
Сондай-ақ, Мәуліт мерекесіне орай арнайы қайырымдылық та жасалды. Жиырма сегіз баланы өз қамқорлығына алған батыр анамыз азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Жалпы 60 000 теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
«Әулие-ата» мешіті