Әр адам үшін кіндік қаны тамып, туып өскен жері, яғни өз Отанынан қымбат мекен жоқ. Отанымыздың ұлтарақтай жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша күресіп, ұрпағына оны мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз туған еліміз бен жеріміздің алдында әрқашан борыштар екенімізді ұмытпауымыз қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі жөнінде көптеген хадистер айтқан. Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», – деп сұрағанда Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті.
Әлбетте, Отан үшін қызмет ететін азаматтың оған деген махаббаты болуы қажет. Ал, Отанды сүю – иманнан. Студенттердің патриотизмін арттыруда иманның рөлі айрықша. Осыған орай, Тараз қаласындағы «Білім» колледжінде аталмыш тақырыпта кездесу өтті.
Аталмыш іс-шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар ісі бөлімінің өкілі Ержан Аманбаев, осы оқу орнының директорының орынбасары Гүлназ Кембаева мен Рысбике Өмірбек қатысты.
Сондай-ақ, жастар түрлі сауалдарын қойып, түйінді жауаптарын алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.