Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дiнiмiздiң басы, негiзi – намаз» деп намаздың өзектiлiгiне мән берген. Бассыз адамның болмайтыны секiлдi, намазсыз да дiннiң болуы мүмкiн емес. Намаз – Ислам дiнiнде иманнан кейiнгi орындалуы қажеттi парыз. Алла та’ала құлдарының тек өзiне ғана құлшылық жасауы үшiн намазды парыз қылды. Намаз – өте маңызды, өте құнды ғибадат. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Намаздың діндегі орны – бастың денедегі орны секілді» (Табарани). Қияметте құлдан ең бірінші сұралатын ғибадат – намаз. Осы ұлы ғибадатымызды жалау етіп, «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан ашылған қыздар сауат ашу курсының ұстаздары мен шәкірттерінің ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта бас қосу жиыны өтті.
Әйелдер намазханасында ақ дастархан жайылып, бағдарлама ақиқатың өзегі, сауаптардың өзені, жүректердің дүрсілі болған қасиетті Құранның теңдесіз аяттарымен басталды. Іс-шараға қаламыздың ақ жаулықты әжелері, әйелдер қауымы, қыздар мен бүлдіршіндер қатысты.
Сауат ашу курсында ілім алып жүрген шәкірттерді бір-бірімен терең танысып, ынтымаққа, бірлікке, бауырмалдылыққа үйрету мақсатында атқарылған жиын талайдың жүрегін тебірентті.
Шәкірттер намаз туралы хадистерді тілге тиек етсе, ұстаздар уағыз айтты. Көпшілікті бір жылатып, бір терең ойға салған «Намаз – бақытым», «Иман мен шайтан» сынды көріністер көрсетіліп, Аллаға мадақ өлеңдер оқылды. Көріністерімен жылатқан қауымды ұстаздар мен шәкірттері қызықты ойындарымен күлдіре де білді.
Өз әсерлерін жасырмаған жамағат разылығын айтып тарқасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.