Қордай ауданында Жамбыл облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен аталмыш тақырыпта республикалық конференция өтті. Конференцияға ҚМДБ жанындағы РАНТ мүшесі, Алматы қаласы, Наурызбай аудандық «Әбу Бакр» мешітінің бас имамы М.Ахметов, Шығыстану институтының директоры, академик Ә.Дербісәлі, ҚР дін істері комитеті жанындағы мәдениеттер мен діндер орталығы директорының орынбасары Ж.Ә. Дәуренов, облыс әкімінің орынбасары Е.Н. Манжуов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ж.Ө.Омаров, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Т.Телманов, аудан әкімі Қ.Ә.Досаев, ҰҚҚ, прокуратура өкілдері, аудандардың бас имамдары және Қордай ауданы бойынша ауыл имамдары қатысты.
Конференцияға жиналған облысымыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы таратылып, мешіт имамдары қысқа да, нұсқа түсініктемелерін берді.
Атаулы жиында «Ислам бейбітшілік діні» тақырыбында баяндама жасаған Мәди Ахметов «ағымдар» сөзіне түсініктеме беріп, теріс ағымдардың танымдық көзқарастарына сипаттама беріп, олардың ерекшеліктеріне тоқтала өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан лаңкестік әрекеттердің ақиқи Исламмен еш қатынасы жоқтығын айтып, Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-қимылымен, өзгелермен қарым-қатынасымен, қысқасы әрбір іс-әрекетімен іс-жүзінде көрсетуші тұлға болу қажеттігін, барлық лаңкестік әрекеттер Ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше Исламға қарсы бағытталған күрес екендігін жеткізді. РАНТ мүшесі Мәди Ахметов баяндама жалғасында ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, біріге атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы мен маңызын түсіндіре білді. Өзге елдің таңсығы бізге таңсық болуға болмайтынын айтып, дін мен дәстүр аясында жұмыстар атқаруға шақырды. Қазақ халқының ата-діні – исламның жасампаз құндылықтарына, оның қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.
Конференция барысында түрлі сала өкілдері өз баяндамаларын жасап, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Конференция барысы секциялық жұмыстарға ұласты. Бұлар батыр ауылында «Шет елде діни білім» алу тақырыбында секциялық отырыс орын алды. Секция отырысы барысында РАНТ мүшесі, Мәди Ахметов, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Т.Телманов Исламның негізгі құндылықтарына тоқталып, діни білімнің негізі жайлы, шет елде білім алу турасында ойларын ортаға салды.
Бұлар батыр ауылдық мешітінде облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Т.Телманов жамағатпен жүздесіп, дініміздің негізгі құндылықтарына тоқталып, бірлікке, татулыққа, дініміздің және Отанымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосуға шақырды.
Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін Ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан қандай жағдайға душар болса да, Исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Себебі белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстанымдары мен ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі