«Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері 2015 жылы атқарылған шаралардың қорытындысын шығарды. Халық игілігі үшін дініміздің көркеюіне атсалысып жүрген Алла үйінің қызметкерлері тапсырған есепті ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойыншы өкілі Данияр қажы Жұмабаев қабылдады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына сай жыл бойы атқарылған шаралар көрсетілген бағыт негізінде жүргізілді. Бақылау-басқару жұмыстары, Уағыз насихат жұмыстары, Бұқаралық ақпарат құралдары, Ғылым және білім саласы, Жастармен жұмыс, Теріс-ағымдармен жұмыс, Дін мен дәстүр жылындағы діни мерекелер мен қайырымдылық іс-шаралары қаралды.
Қорытынды нәтижесі бойынша: Биылғы жылы өкілдікке қарасты мешіт имамдары 17 конференция, 141 дөңгелек үстел және 111 семинарға қатысып, дін мен дәстүрі ұштасқан ислам дінінің баға жетпес құндылықтары және теріс ағымға төтеп берер төл мазхабымыз – ханафи мазхабының ерекшеліктері жайында баяндамалар мен дәрістер оқыды. Мешіт имамдары өңіріміздегі «Қазақстан-Тараз» телеарнасында түрлі телебағдарламаларда асыл дінімізді насихаттап, телеарнаға – 38, радиоға – 27 сұхбат берді. Сондай-ақ, имамдардың облыстық және аудандық газет беттерінде де дәстүрлі ислам түсінігін, ханафи мазхабының ұстаным негіздерін насихаттайтын 188 мақаласы жарық көрді. Аталмыш жылда медресемізді бітіріп шыққан 16 түлектің 6-уы аймақтағы мешіттерде қызметке орналастырылса, 7 шәкірт Нұр-Мүбәрак университетіне қабылданды.
Ал өңірімізден Нұр-Мүбәрак университетінде оқып, оны тәмамдаған 12 шәкірттің 8-і өңіріміздегі мешіттерде, қалған 4-уі өзге облыстарда қызмет атқаруда. 2015 жылы сауат ашу курстарында жалпы облыс бойынша 3359 бала оқыды. Қала-аудан жастары арасында 4 конференция, 5 дөңгелек үстел, 13 семинар ұйымдастырды. Тегеурінді уағыз-насихаттың арқасында Алланың қалауымен 34 салафи, 9 таблиғи жамағат теріс бағытынан қайтты.
Дәстүрлі игі шаралар өзге қала, аудандарда да жалғасын тауып, 18 қайырымдылық шарасында 354 адамға көмек көрсетілді.
Жалпы алғанда 2015 жылы бүкіл облыс бойынша 1415 қайырымдылық шарасы жасалып, тұрмысы төмен 22692 отбасыға көмек берілсе, рухани және қайырымдылық шараларына барлығы 43 879 377 теңге жұмсалды.
Осындай көрсеткіштер талқыланған мешіт қызметкерлері арасында өткен бұл мәжіліс алдағы уақытта атқарылмақ жұмыстарға жаңа соқпақ болған-ды. Сонымен қатар «ҚМДБ бойынша жүргізілетін жылдық есепке пысықтау болды,» – дейді мешіт қызметкерлері.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.