Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аталмыш тақырыпта конференция өтті. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау, қауіпсіздік органдары, ауыл имамдары, мектеп директорлары, педагог-психологтар, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны аудан әкімі Батырбек Құлекеев жүргізді.
-Біз дәстүрлі ислам дінін ұстанған халықпыз. Асыл дініміз – ислам әу бастан біздің қазақ халқының дүние танымымен, салт-дәстүрімен терең байланысып, бізді тіршілікте адастырмай алып келеді. Өкінішке орай, соңғы жылдары елімізде келеңсіз діни ағымдар пайда бола бастады. Олар ел ішіне іріткі салып, жастарымызды теріс жолға салуда. Шет мемлекеттерге соғысу мақсатымен кетіп жатқан қандастарымыз да бар. Біз осы жат діни ағымдармен ел болып жұмылып, күш біріктіріп күресуіміз керек. Болашағымызды осы бастан терең ойлауымыз керек, – деді Батырбек Әбдірәсілұлы.
Бірінші болып ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің аудандық бөлімшесінің қызметкері Айдын Жанбосынов баяндама жасаса, одан соң мінбеге аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бейбіт Налеков көтеріліп, экстремизм мен терроризмнің адамзат баласына төндіретін қауіп-қатері туралы кеңінен айтып, өз мекемелері тарапынан атқарылып жатқан қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен мәлімет берді.
Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаевтың «Дін – ғылымның атасы» тақырыбындағы тағылымды баяндамасы қатысушыларға көп ой салды.
Жиын барысында Шымкент және Тараз Епархиясы әулие Серафим Саровский атындағы шіркеудің дін қызметшісі Анатолий Ильченко, облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мекемесінің бөлім басшысы Сержан Құлтаев сөз алып, пікірлерімен бөлісті. Іс-шараны аудан әкімі Б.Құлекеев қорытындылады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.