Жастарға қазіргі діни проблемаларды түсіндіру мақсатында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар бөлімінің өкілі Ержан Аманбаев пен Қордай аудандық «Панорама» ақпараттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жастар ел болашағы» акциясы аясында кездесу өтті. Жиынға аудан жастары, аудандық ішкі істер бөлімшелерінің қызметкерлері, прокуратура қызметкерлері, мешіт имамдары мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара Сарысу, Т.Рұсқұлов, Қордай аудандарында өтті.
«Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету спектрі күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда. Соңғы уақыттарда дінге сенушілер саны көбеймесе азайған емес. Соның ішінде халқымыздың жетпіс пайыздан астамы асыл дініміз исламды ұстанады. Қазіргі таңдағы ең маңызды мәселенің бірі – қоғамдағы діннің рөлі, еліміздегі діни ахуал, діни сенім қоғамдық сана мен мәдениетімізде үлкен орынға ие, – дейді Ержан Аманбаев.
Бүгін де елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі рухани, құлықтық, патриоттық білім беру мен тәрбие болып саналады. Келешек ұрпақтың рухани тұрғыда және құлықтық даму проблемасы – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты дінді гуманистік білім берудің ажырамас компоненті ретінде зерттеу маңызды. Дін бұл шеңберде адам өмірінің басқа да салаларымен өзара әрекетінің арқасында мәдениеттің құрамдас бөлігі санатында қарастырылады. Аталмыш білімді жастар санасына сіңдіруді мақсат еткен жиында қазіргі жастар тәрбиесі тақырыбы мұрындық болып, түйіткілді сұрақтардың түйіні тарқатылды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.