Суицид – жан дертіне дауа емес.

Суицид – жан дертіне дауа емес.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

    Жуалы аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы, аудан әкімі Б.Құлекеев жүргізді.

      Жиында аудандық әкімдіктің білім бөлімінің басшысы С.Әбілдаев «Жастар арасында суицидтің себептері және оның алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада айтылғандай, оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу, алдын алу тұрғысында барлық мектептерде педагог-психологтармен жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Осындай шаралардың арқасында 2014 жылы мұндай тосын жайт болмаған еді. Өкінішке орай, биыл А.Пушкин атындағы орта мектепте жасөспірімдердің өз-өзіне қол салған екі фактісі орыналып, оның бірі қайғылы аяқталған. Неге?

    Міне, бас қосуда баяндамашылар балалар арасында орын алған суицид оқиғаларының себеп-салдарына тереңірек үңілуге тырысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті, ұсыныстарын ортаға салды.

     Мәселен, «Самұрық-жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Тоғызбаев оқушылар мен жоспарлы түрде тренингтер өткізіліп тұрса, бұл үшін тәжірибелі, білікті жаттықтырушылар шақыртылса деген тілегін жеткізді.

     Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев оқушылармен өткізілетін іс-шараларға білікті дін қызметкерлерін, имамдарды шақырып тұрса деген ниетін білдірді. Өйткені, кейде балалардың қилы-қилы сұрақтарына әсіресе дінге қатысты сауалдарына мұғалімдер болсын, психологтар болсын, тұшымды жауап бере алмайды. Мұның қауіптісі – баланың бойында теріс түсінік қалыптасып қалуы мүмкін, – дейді ол.

       «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дүрәліұлы суицидтің алдын-алуда ұлттық тәрбиенің рөлі туралы айтса, аудандық білім бөлімінің психолог маманы З.Дәуренова интернеттегі кейбір сайттардың баланың мінез-құлқына кері әсері туралы баяндады.

      Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Б.Налеков, «Жастар орталығының» директоры Н.Сейдалиев өз тараптарынан атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып өтті.

    Аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков мектептерде тәрбие жұмысын жоспарлы жолға қоюдың, оның есебін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

Жиналысты қорытқан аудан әкімі Б.Құлекеев тиісті сала басшыларына әрбір суицид оқиғасына терең талдау жасауды, одан қорытынды шығарып, оны алдағы жұмыста ескеру қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар «Барлық мүдделі органдар өзара бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Жан-жақты, пәрменді тәрбие жұмысы ғана күткендегідей нәтиже бермек,» –деді.

М.Мәтенов.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: