Тараз қаласындағы Солнечный кентіндегі №48 үй өртке оранып, 6 отбасы үй-жайсыз қалған болатын. Зардап шеккен отбасылардың ішінде №34 орта мектептің техникалық қызметкері мен 8 оқушысы болған екен.
Оқиға орын алған күні мектеп әкімшілігі қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, зардап шеккен мектеп қызметкеріне 15,600 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Зардап шеккендерге киім-кешек, азық-түлік, мектеп құралдары жиналды. 8 оқушы мектеп асханасынан екі мезгіл тамақпен қамтылды.
Қасиетті Құранда «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» (Сәбә сүресі, 39 аят).
Сондай-ақ, Жамбыл облысының өкіл имамы Данияр Әлимұхаммедұлы Жұмабаев пен Тараз қаласының бас имамы Аят Дыбысұлы Алмахановтың ұйымдастыруымен қайырымдылық науқаны өтті.
Зардап шеккен 6 отбасына көмек ретінде 2 кілем мен 20 000 теңге қаржылай көмек көрсетілді. Ең басты сыйлық ол рухани жан жылулығы екенін естен шығармайық ағайын!
Есет ТАЛАСБАЕВ,
«Әулие-ата» мешітінің баспасөз қызметі.