Аудандық «Қордай» мешіті және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық ішкі істер бөлімінде дін тақырыбындағы кездесулер жалғасуда. Әдеттегідей кездесуге аудандық мешіттің наиб имамы, дінтану магистрі Д.Жандосұлы, ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Бірімқұлов және ішкі істер бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Полиция қызметкерлерінің діни сауаттылығын артыру, сонымен қатар, дәстүрлі және басқа жат діндердің айырмашылығын жете түсіндіру мақсатында өткен кездесуде дінтанушы Д.Жандосұлы азаматтар арасында діни сауатсыздық салдарынан туындап отырған қоғамдық мәселелер жайлы сөз қозғады. Атап айтқанда, дін қызметкері соңғы кездері жиі айтылып жүрген суицид мәселесіне кеңінен тоқталып, өз-өзіне қол жұмсаудың дінімізге жат екенін алға тартты. Өз-өзіне қол жұмсаудың дінімізге қайшы екенін біле, түсіне тұра осындай жат қылыққа баратындар саны азаймай отыр, – деген Дәуренбек Жандосұлы осындай өзекті мәселелердің алдын алу жолдары жайлы да айтып өтті. Дәрісті ұлы тарихымызбен ұштастырған наиб имамның әсерлі әңгімесі полиция қызметкерлерінің ұлтжандық сезімін арттырып қана қоймай, тәртіп сақшыларының көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алуға да мүмкіндік туғызды. Әңгіме барысында наиб имам бүгін де ел тыныштығы үшін қызмет етіп отырған полиция қызметкерлерінің өз ісіне деген адалдығы ерлікпен тең түспесе кем болмайтынын айтып өтті. Жиында мұнан өзге де қоғамда белең алған өзекті мәселелер жайы баяндалып, оның туындау себептері түсіндірілді.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі