Жамбыл облысы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Деструктивті діни әрекеттерден зардап шеккендерді оңалту» жөнінде облыстық семинар өтті.
Мақсаты – облысымыздағы діни ахуалды зерттеу, барлық аудандар мен ауылдық округтерде көпшілікпен кездесу өткізіп, діни ахуалды зерделеу. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Есеев Бақытжан жүргізді.
Облыс әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің басшысы Ерзат Жақыпов, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, жастар ісінің өкілі Ержан Аманбаев, «Жастар тілегі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дастан Исламбек қоғамда болып жатқан діни экстремистіктің алдын алу мәселесіне тоқталып, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, жалпы білім беретін, орта арнайы оқу орындарындағы, білім саласындағы тәрбие үдерісі қатаң қолға алыну мәселесі көтерілді.
Жиынға аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, аудандық мешіттің бас имамы З.Исаев, ардагерлер, жастар орталығының әдіскерлері, мұғалімдер және кітапханашылар қатысты.
Ә.Сүиіндік