Биназар батырдың інісі Көкжелек палуанның есімі берілген шағын ауылда «Шопан ата» мешіті жамағатқа есігін айқара ашты.
Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан дәстүрлі дінімізді өркендетіп, халқымыздың, еліміздің келешегі – жастардың санасына дінге деген тазалықты ұялатып, өркенді істерге бастау болған 1976 жылы туған ауыл азаматтары «Шопан ата» мешітін соғуды осыдан екі-үш жыл бұрын қолға алған еді. Жастардың бастамасына риза болған сол кездегі аудан әкімі Болат Мәдікенов осы ауылға келген бір сапарында құрылысқа қажетті цементтен көмек бергені бар. Берекелі бұл құрылысты кейін ауыл болып қолға алған көкжелектіктер, 100 адам еркін кіріп шығатын әдемі де сәулетті мешіттің ішінде енді Аллаға құлшылығын жасамақ.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыл жұрты мешіттің ашылу салтанатына жан-жақтан, қонақ шақырып, қуаныштарымен бөлісті.
Мешіттің ашылу салтанатында «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Е. Аманбаев: «Жаңадан соғылып, пайдалануға берілген мешітке жамағат болып намазға келушілердің қатары көбейіп, асқақ дініміз исламның мәртебесі өсе берсін! Мешіттің соғылуына жәрдемдескен ауыл тұрғындарына «Алла разы болсын» деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Е. Аманбаев, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев және Шопан атаның немересі «Жанғұтты» мешіттің ашылу салтанатына қатысты.
Шағын, жылы, әрі көрікті, мешіт еріксіз көз тартады. Осы жерде дүниеден өткен ата-бабалар рухына арналып, құран аяттарынан құран бағышталды.
Салтанатты шарада құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Б.Есеевке, Шопан атаның немерелері Байғұтты, Жанғұтты мырзаларға, Қызылтал ауылдық округінің әкімі Б.Наурызбаевқа, Көкжелек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Нұрмайловқа, «Шопан ата» мешітінің соғылуына айтарлықтай үлестерін қосып, басы-қасында жүрген 1976 жылғы ауыл азаматтары атынан Р.Көпбаевқа беріліп, олар көпшілікті жаңа мешіттерімен құттықтады.
Жиналған жамағатты сәулетті мешіттің ашылуымен құттықтаған Жанғұтты мен Байғұтты ағаларымыз мешітке ілмелі теледидар мен шаңсорғышты сыйға тартса, Ә.Нұрмайлов жақсы іске бастамашы болған ауылдың 1976 жылы туылған азаматтарына алғысын айтып, ақсақалдық тілегін білдірді. Ал Е.Аманбаев мешітке қасиетті Құран Кәрімнің қазақша нұсқасын сыйға тартты.
Мешіт маңайына бір киіз үй және әскери палатка құрылып, көпшілік қауымға ас берілді.
Мешіттің ашылу салтанатына барлық ауыл молдалары мен Мойынқұм мешітінің бас имамы З.Исаев та қатысты.
Ә. Сүиіндік