Т.Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадаев көне «Құлан» қалашығында болып, тарихи жәдігерлермен танысып қайтты.
Археолог Серік Ақылбектің айтуынша, табылған екі бөлменің бірі салтанат сарайы. Қабырғалары түгелдей айналдыра безендірілген. Жарық беру жүйесі де өте жақсы. Сыпаға арналған текпешегі бар. Әдетте басқа үйлерде мұндай болмайды. Сондықтан, салтанат сарайы деп отырмыз.
Бөлменің қабырғалары айналдыра түрлі суреттермен көмкерілген. Онда тәж киген билеуші, ту ұстаған жауынгер мен аң-құстардың бейнесі анық көрінеді.
Келесі бөлмені бас имам Сұлтаншәріп қажы «ғибадатхана» бөлмесі болған деп тұжырымдады. Өйткені, онда михраб орналасқан. Қабырғалары оюмен көмкеріліп, ортасындағы от жағатын орны анық байқалып тұр. Археологтар бас имамның бұл пікірімен толықтай келісті.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ, әскери зейнеткер